uybet01 jumys otbasy otbasylink dostar ruhomir omirmysal
jumislink   omirmysallink
  dostarlink
 
 
 
 
 
senemfylym
suleymen
angyme
 
 
bizbay6 ch6
РУХАНИ ӨМІР
 

ИСАҒА СЕНІМ АРТАСЫҢ БА?

Ербол, сен адамды сендірерлік бірқатар дәлелдер кел­тірдің. Мен Исаға құтқарушым деп сенім артқым келеді. Алайда бүгінгі өмір салтымды түбегейлі өзгерткім кел­мейді.

Әр адам өз өміріне өзі қожайын болғысы келеді. Бұны жаман деп те айтуға болмайды. Бірақ ешбір адам өзін өмір бойы кейбір мәселелерде тәжірибесі өзінікінен мол басқалардан ақыл-кеңес алмай өмір сүре аламын деп ой­ламайды. Ақыры шешім қабылдап, не бір іс бастаған­да сол алған ақыл-кеңесті қабылдасақ та, қабыл­да­ма­сақ та, біз соны өз еркімізбен істейміз. Осылай өміріміздің жақсы, өнімді болуы үшін бәрімізге ақыл-кеңес қажет.

Бірақ бізге керектің бәрі жақсы ақыл-кеңес қана емес. Осы жақсы ақыл-кеңесті орындау үшін қабілет те керек. Ондай қабілетті бізге Иса бере алады. Ол Өзінің шәкірт­теріне олардың жан дүниелерінен орын алатын, Оның шәкірті болуға күш-қуат беретін Киелі Рухты жібере­мін деп уәде еткен болатын (Жохан 14:16-17). Сондық­тан Иса бізге қуаныш, тыныштық пен сүйіспеншілікке қалай қол жеткізуге болатынын айтып қана қоймайды, соны істеуге күш-қуат та береді (Елшілер. істері 1:8).

Есіңде болса, ұстамдылық дегеніміз Киелі Рухтың игілікті жемістерінің бірі (Ғалат. хат 5:22-23). Исаға мойын­сұнғандардың бойында Құдайдың айтқандары өс­кен үстіне өсе түседі. Иса бізді роботқа айналдыр­май­ды, қайта Ол бізге өзімізді билеп, жамандықты емес, жақсы­лықты істеуге күш береді. Адамның Исаға сенуі оның өз өмірін басқарудан бас тартуы дегенді білдірмейді. Исаға сену дегеніміз — өз өмірімізді Исаның ізгілігі мен сүйіспеншілігіне сай ету.

Солай да шығар. Бірақ егер мен Исаны қабылдайтын болсам, тым көп нәрседен бас тартуға мәжбүр бола­мын, ал мен солай істегім келмейді.

Сен қандай нәрселерден бас тартуға мәжбүр боламын деп ойлайсың? Әрине, күнәдан бас тартуға мәжбүр бола­сың. Ал Иса, әрине, біздің мүлдем күнәсыз өмір сүре алмайтынымызды түсінеді. Күнә біздің өмірімізге өті­рік айту, алдау, ұрлау, адал болмау, басқалардың иелік­те­ріне сұқтану сияқты бақытсыздықтарды алып келеді. Сондықтан күнәдан бас тарту қиын болғанмен, жаман нәрсе емес.

Сонымен бірге, Исаға сену дегеніміз айналадағы сену­ші еместердің қадір-қошаметінен айырылу дегенді де білдіре алады. Кейде Исаға сенген адамдарға достары мен таныстары шүбәмен қарай бастайды.

Бұл жерде біздің кімге адал болғымыз келетіні тура­лы сұрақ туады. Кімге адал болуымыз керек? Бізге өмір лебін беріп, бізді шексіз сүйетіндіктен тіпті күнә­лары­мыз­дың жазасын өтеу үшін айқышта өлуге дейін барған Құдайға адал болуымыз қажет пе? Әлде өздерін Құдай жаратқан, өмірлері де Оған тәуелді, алайда Иса­ға мойынсұнбаған достарымызға адал болуымыз қажет пе? Ақыр соңында біз кімге есеп беруге тиіс боламыз? Жауап онсыз да айқын сияқты.

Оның үстіне, біздің бас тартатын нәрселердің орнына алатын игіліктеріміз әлдеқайда бағалы, әлдеқайда құнды. Құдайдан ажырап, мәңгілік азап шеккеннен гөрі Құдай­дың қасында мәңгі қуанышты өмір сүру шексіз артық емес пе? Дүниедегі ештеңе содан бағалы да құнды бола алмайды!

Иса мына сөзді дәл осы себептен айтқан: «Маған еріп шәкіртім болғысы келген әркім өз еркі бойын­ша өмір сүруін қойсын, әрі айқышын арқалаған кісідей азапты өлімге дайын болып Менің жолыммен жүрсін! Себебі кім өмірімді сақтаймын десе, одан айырылады, ал өмі­рін Мен үшін қиған әркім оған (мәңгі) иелік етеді. Адам бүкіл дүниеге ие болып, сол себепті өмірінен айы­рыл­са, бұдан оған не пайда? Яки адам өз өмірін құтқару үшін қандай құн төлей алады?» (Матай 16:24-26)

Мәсіхшінің игілікке толы өмірі о дүниеге аттанған­нан кейін басталмайды. Ол дәл қазір-ақ басталады. Иса былай деген: «Сендерге шындығын айтайын: Маған және Ізгі хабарға бола үй-жайын, туған бауырларын, әке-шеше­сін, әйелін, бала-шағасын, не жер-суын тастап шыққан әркімге сол үшін осы заманда қуғын-сүргін көргеннің өзінде де үй-жай, аға-іні, апа-қарындас, әке-шеше, бала-шаға, жер-су жүз есе артығымен қай­тарылады, әрі келер заманда ол мәңгілік өмірге ие болады» (Марқа 10:29-30).

 

Біреу Исаға сенім артқанда бүкіл дүниеге жайылған үлкен отбасының мүшесі болып, басқа сенушілер оған қуанатын болады. Ол қиыншылыққа ұшырап, жататын орынға мұқтаж болғанда, оған сенушілердің есіктері ашық. Дос не отбасы керек болса, сенушілер оған дос та, отбасы да болады. Киетін киімі, ішетін тамағы жоқ болса, басқа сенушілер оған көмек қолын созуға әр­дайым дайын. Әрине, Иса бұны бақытсыздыққа тап бол­ған сенушілерге ғана емес, сенбеушілерге де істең­дер деген. Бірақ сенуші болған адам ғана осындай көмек­тің бар екенін біледі.

Әрине, Пауыл елшінің Киелі кітаптағы мына ескер­туін ұмытпаған жөн: «Біз сендерге нұсқау бергендей, міндеттеріңді атқарып, өз қолдарыңмен еңбек етіп күн­деріңді көріңдер». «Араларыңда жүргенде: «Еңбек еткісі келмеген ішіп-жемесін» деген қағиданы саналарыңа сіңірдік. Ал енді кейбіреулеріңнің жүгенсіз жүрген­дік­терің туралы естідік, олар жұмыс істемей, басқалардың мазасын алып, босқа сандалып жүр екен. Осындайларға біз тыныш еңбек етіп, өз нандарын өздері тауып жесін деп Иеміз Иса Мәсіхтің атынан бұйырып, ескертеміз. Ал сендер, бауырластар, жақсылық жасаудан жалық­паң­дар» (Салониқа. 1-хат 4:11; Салониқа. 2-хат 3:10-13).

 

Иса сенушінің өмірі туралы ашық айтқан. Қуғын-сүргінге ұшырауға, кейбір нәрселерден бас тартуға тура келеді. Бірақ оның орнына алатын нәрселеріміз қазіргі өмірдің өзінде өте қымбат, әрі о дүниеде біз Құдайдың қасында мәңгі де қуанышты өмір сүретін боламыз.

Бірақ мен алдымен оқуды бітіріп, жұмыс тапқым келеді. Содан кейін-ақ сенуші бола жатармын. Әйтпесе бұл менің оқуыма не мансабыма кесірін тигізуі мүмкін.

Өзіне сенім артуды кейінге қалдыратын адамдар туралы Иса мынадай астарлы сөз айтқан: Бір бай кісінің егін­дік жері мол өнім береді. Ол іші­нен: «Не істесем екен? Астығымды жинап қоя­тын жерім жоқ, — деп ойла­на­ды. — Былай істеймін: қам­баларымды бұзып, үлкейтіп қай­тадан саламын. Сонда бүкіл астығым мен мал-мүл­кімді жи­нап қоямын. Сосын өзіме: көп жылға жететін мол қо­рың бар, енді демалып, ішіп-жеп, көңіліңді көтер деймін». Бірақ Құдай оған: «Ей, түйсіксіз пенде, бүгін түнде жаның алынады! Сонда сенің жиып-тер­ге­нің кім­ге қалады?» — дейді (Лұқа 12:16-20).

Өзінің өлер күнін ешкім де білмейді. Исаға сенуді қазір кейінге қалдыру орны толмас өкінішке әкеп соғуы мүмкін.

Бірақ менде тағы бір мүмкіндіктер болмай ма? Мен бір­неше рет дүниеге қайтып келу (реинкарнация) ілімі туралы көп естігенмін. Осы өмірім біткен соң мен дүниеге қайтып келіп, сонда маған Исаға сенуге тағы мүмкіндік берілмей ме?

Үнді діні, буддашылық сияқты көптеген шығыс дін­дері адамның жаны қайта-қайта өмір сүріп отырады деп үйретеді. Бірақ Исаның тәлімі бұнымен мүлдем келіс­пейді. Киелі кітапта «Құдай әр адамның бір рет өліп, содан соң қиямет сотының алдында тұратынын бел­гі­ле­ген» (Еврей. хат 9:27) делінген. Адам қайтыс болғаннан кейін оған екінші рет мүмкіндік берілмейді. Енді оны тек Құдайдың соты ғана күтіп тұрады. Исамен қарым-қатынасымыз біз қайтыс болған кезде қандай болса, мәңгілікке сол күйінде қалады. Егер біз сенім арқылы Исамен тығыз қарым-қатынаста тұрсақ, онда мәңгі-бақи солай қаламыз. Ал егер (біз) Исаға сенбей, Одан ажы­ра­ған күйді таңдаса, онда Одан мәңгі-бақи ажы­рап қаламыз. Клайв С. Льюис өзінің «Үлкен ажырасу» деген романында былай деп жазған: «Аяғында адам­дар­дың Құдайға «Сенің еркің болсын» деген бірінші түрі және Құдайдың адамдарға «Сенің еркің болсын» деген түрі ғана қалады». Осы екі топтың қайсысына қосы­лу­ды таңдап алу — сенің өз еркіңде.

Петір елші де дәл осындай хабар береді: «Жарат­қан Ие Өзі­не ұнамды өмір сүре­тіндерді көріп жатқан қуғын-сүргін­нен құт­қа­рып, ал әділетсіздерді қиямет соты бола­тын күнге дейін сақ­­тап, жазалауды, әрине, біледі» (Петір. 2-хаты 2:9).

Ал бірнеше рет дүниеге қайтып келу ілімі тағдырға бойсұнушылыққа жеткізеді. Шығыс діндерінің негізін қалаушыларының адамның мейлінше күнәкар екенді­гі­не көздері жеткен болатын. Бұның дұрыс емес екендігін де олар түсінді. Бірақ Құдайдың бұны дұрыстауға жасаған шараларын білмеді. Сондықтан бұл мәселені өз күш­терімен шешуге ұмтылды. Олар адам өлгеннен кейін еш үміті қалмайды, алда Құдайдың әділ соты күтіп тұр деген ойдан қашып, адамның көп өмірлері болады, солар­дың әрқайсысында адамда өз күнәкарлығын жеңіп, кемелдікке жетуге мүмкіндігі болады деп үйрете бас­тады. Бірақ Киелі кітапта күллі адамдардың күнә жасап, Құдайдың өздеріне белгілеген ұлылығынан құр алақан қалғаны түсіндірілген (Рим. хат 3:23). Бұл мәселеден ешбір адам баласы тыс тұрған жоқ. Демек, ешкім өзін-өзі кемелді ете алмайтындықтан, ешкім Құдайдың әділ сотынан өз күшімен құтқарыла алмайды.

Оған былай қарауға болады. Табиғи әлемде ешбір сал­дар өзін туғызған себептен артық бола алмайды. Рухани әлемде де сол заңдылық сақталады. Рухани кемелдік күнәкарлыққа қарағанда барлық жағынан артық. Күнә ешқашан рухани кемелдікті тудыра алмайды. Адамның көп рет дүниеге қайтып келуі шынымен мүмкін болған күннің өзінде бәрібір ол өздігінен күнәкарлықтан рухани тазалық пен кемелдікке қол жеткізе алмас еді. Кері­сін­ше, күнә жасаған сайын біз жақсармай, жаман бола түсеміз ғой.

Сондықтан біздің мәселеміздің дұрыс шешімі — бізді мықтап ұстап алған күнәкар болмысымызды көптеген өмірлерде жақсартуға ұмтылу емес. Мәселенің шешімі — біздің күнәлы дүниемізге еніп, бізді күнәның бұғауы­нан азат ететін құтқарушының келуі. Біз өзіміз арқылы емес, басқа Біреу арқылы ғана шынымен өзгере ала­мыз.

Иса осыны түсіндіру үшін адамдарды жақсы және жаман ағаштармен салыстырған. «Сол секілді әрбір жақ­сы ағаш жақсы жеміс, ал жаман ағаш жаман жеміс береді. Жақсы ағаш нашар жеміс, нашар ағаш жақсы жеміс бере алмайды ғой. Ал жақсы жеміс бер­мей­тін әр ағашты кесіп тастап, отқа жағады» (Матай 7:17-19). Ал күнәкарлар — біреуі қалмай бәрі де жаман ағаштар. Өз бетімізбен біздің ешқайсымыз жақсы жеміс бере ал­май­мыз. Тек өз күнәкар болмысымызға тән жаман жеміс ғана бере аламыз. Жаман ағаш қалай жақсы ағаш бола алады? Жақсы жеміс беру арқылы ма? Бірақ бұл мүл­дем мүмкін емес! Жақсы жеміс берудің жалғыз жолы — алдымен жақсы ағашқа айналу, ал бұны біз өзіміз істей алмаймыз. Бұны тек Исадан басқа ешкім істей алмайды. Елші Пауыл осы себеппен былай деп жазды: «Сонымен, біреу Мәсіхпен тығыз байланысса, сол — жаңа­дан жара­тыл­ған адам. Ескі өмірі өтіп кетіп, міне, жаңасы пай­да болды! Осының бәрі де Құдайдың ісі. Ол бізді Мәсіх арқылы Өзі­мен татулас­тырып, бізге басқа­ларды Өзімен татуластыру қыз­метін аманаттады» (Қорынт. 2-хат 5:17-18). Сондықтан бізге керегі тағы бір мүм­кін­дік емес. Екінші, үшінші, төртінші рет өмір сүру біздің күнәларымызды тек көбейте түседі. Бізге керегі — Иса Мәсіхтің біздің өмірімізді өзгертетін құдіретті күші. Көп рет дүниеге қайтып келу бізге бұны бере алмайды.

 

 

Құдай шынымен бар ма?

Адам негізінде білімге қалай ие болады?

Тағы да — Құдай шынымен бар ма?

Құдай қандай?        

Құдай бар болса, неліктен жамандық та бар?

Сонда атеизм, агностицизм және гуманизм туралы не деуге болады?

Исаға деген сенімнің дәлелдемелері қандай?

Иса шынымен Кім еді?

Керемет, ғажап істердің болуы мүмкін бе?

Иса шынымен қайта тірілді ме?

Ал егер бұны шәкірттердің өздері ойлап тапса ше?

Деректерді басқаша да түсіндіруге болмай ма?

Иса Құдайға апаратын жалғыз жол ма?

Мәсіхке тиісті барлық пайғамбарлық сөздерді Иса орындай алды ма?

Діндердің барлығы да бір нәрсені үйретпей ме?

"Үшбірлік" деген сөз нені білдіреді?

Құтқарушы Иса туралы естімегендермен не болады?

Тозақ шынымен бар деп сенесің бе?

Ендеше сенушілер неге дүниенің көпшілігі емес?

Киелі кітаптың шынайы екенін қайдан білесің?

Киелі кітап пен ғылым өзара сыйыса ма?

Киелі кітап тарихқа сәйкес келе ме?

Исаның атымен аталғандардың жаман қылықтары жоқ па?

Исаға сенім артасың ба?

Құдай мені шынымен кешіре ме

Ал егер сенімім жетпесе ше?

Мен қалай рухани өсе аламын?

Рухани өсуде Киелі кітаптың алатын орны

Рухани өсуде мінажат етудің алатын орны

Рухани өсуде Құдайға мойынсұнудың алатын орны

Рухани өсуде қауымның алатын орны

Рухани өсуде Иса туралы басқалармен бөлісудің алатын орны

Исамен байланыста рухани өсу