|
Отбасы мен жұмысты үйлестіре білу
Бойдақ, үйленген
немесе ажырасқан болайық, біздің бәрімізде отбасы бар.
Тіпті әйеліміз, бала-шағамыз жоқ болса да, ата-ана, аға-іні, әпке-қарындас,
сіңлілеріміз, басқа да туған-туысқандарымыздың алдында біздің белгілі бір міндеттеріміз бар.
Әрине, жалғызбасты анаға қарағанда, үйленбеген, ата-анасы көмекке мұқтаж
емес жас жігітке әлдеқайда оңайырақ. Бірақ бұлардың екеуінің де алдында белгілі бір міндеттемелер бар.
Біздің әрқайсымыздың алдымызда тұрған ең
үлкен сынақтардың яки шешуге тиісті мәселелердің бірі — жұмыстағы талаптар
мен отбасының мұқтаждықтарын үйлестіре білу.
Отбасын және өз басымызды жақсы қамтамасыз ету үшін ақша табу міндеті бізге
қысым жасауы мүмкін. Немесе бізді өз ісімізде
күрделі, ешкім шешіп көрмеген мәселелерді қарастырып, соларды шешу
қызықтыратын шығар. Немесе зор кәсіби табысқа қол жеткізуден рақаттанатын
шығармыз. Жұмыстағы және үйдегі міндеттерді қалайша
ешқайсысына да нұқсан келтірмей ұштастыра аламыз?
Отбасын
асырау
Біз өз отбасымызды
асырауға міндет екенімізді ешқашан ұмытпауымыз керек.
Жұмыс қиын немесе жағымсыз болғандықтан ғана біз одан бас тарта алмаймыз. "Туысқандарының, әсіресе үй ішінің қамын ойламайтын
адам сенімінен бас тартқан, ол тіпті Құдайға сенбейтіннен де жаман" (Інжіл). Жұмыс істеудің басты себептерінің бірі — отбасын асырау.
Алайда егер
адам байлық жинап, дүниені көбірек пайдаланғысы, яки судай сапырғысы келетін
болса, ол көбірек жұмыс істей бастайды. Бұны "ол өз
отбасысына жағдай жасағысы келеді ғой" деп түсінуге тырысуға да болады.
Адам жұмысты көп істеген сайын отбасы мен достарына көңілін азырақ бөле
бастайды. Жиған-тергенінің рақатын көруге де уақыты жетіспейді.
Міне, үйді жөндеу керек. Жаңа киім сатып алу керек.
Үйту керек, бүйту керек. Осылай біз өзіміздің
отбасымыздағылардан алшақтап кеткенімізді де байқамай қалуымыз мүмкін.
Ал осының бәрі басында солар үшін істелген емес пе еді?
Бірақ одан да қауіптісі — жұмысқа шамадан тыс беріліп кету бізді Құдайдан да
алшақтатып жібере алады. Ондай адамның жан дүниесі біртіндеп қатігездене келе,
ақыр соңында Құдайдың даусын мүлдем ести алмайтын жағдайға жетеді.
Иса өзінің шәкірттеріне мынадай ескерту айтқан: "— Абайлаңдар, дүниеқор
болудан сақтаныңдар! Байлығы қанша зор болса да,
адам сол арқылы өз өмірінің иесі бола алмайды" (Інжіл).
С.Ф.
|